Илон Масктың 22 жастағы трансгендер қызы Вивиан Уилсон испандық сән бренді Desigual-дің «Бойсұнбау үшін туғандар» атты күзгі жарнама науқанына қатысты. Бұл науқан өзін-өзі еркін көрсету мен жасанды интеллектке сыни көзқарасқа арналған, деп хабарлайды infohub.kz.

Жарнамалық роликте Уилсон күнделікті істерге көмектесу үшін жасалған DESI 84 роботымен әрекеттеседі. Алайда қарапайым тапсырмаларды орындаудың орнына, модель роботты ол көтере алмайтын стандартты емес жағдайларға қояды. Осылайша бренд заманауи технологиялардың шектеулі екенін көрсетеді.

Уилсонның айтуынша, ол Desigual-мен ынтымақтастыққа брендтің сәнге деген жарқын әрі ерекше көзқарасы себеп болған. Сонымен қатар ол жасанды интеллект тақырыбын қозғауды маңызды деп санаған.

«Ол талантты шығармашыл адамдардың жұмыс орындарын тартып алып, қоршаған ортаға зиян келтіреді», — деді Уилсон People басылымына берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ жасанды интеллект адамның эмоциясы мен нағыз шығармашылықты алмастыра алмайды деп есептейді.

Роликте бір ирониялық сәт бар: DESI 84 роботын шын мәнінде адам ойнаған. Desigual-де адам тарихта алғаш рет «роботтың жұмысын тартып алды» деп әзілдеген.

Уилсон Ксавье Александр Маск деген есіммен дүниеге келген. 2020 жылы ол трансгендер екенін жариялап, аты-жөнін өзгерткен. Уилсон ЛГБТК+ құқықтары мен басқа да әлеуметтік мәселелер туралы ашық айтады.

Уилсонның әкесімен қарым-қатынасы шиеленіскен күйінде қалып отыр. Маск оның ауысуы туралы ашық айтып, вокизмге (нәсілдік, гендерлік және әлеуметтік әділеттілік мәселелеріне ерекше назар аударуды білдіретін саяси және әлеуметтік термин) қатысты идеяларды бірнеше рет сынға алған.

Бұған дейін «Курсив» американдық миллиардер Илон Масктың жаһандық жылыну мәселесін қалай шешуге болатынын білетінін жазған болатын. Оның пікірінше, жаһандық жылыну мәселесін Күн мен Жер арасына спутниктер орналастыру арқылы шешуге болады.