Румыния жағалауындағы Қара теңізде Сан-Марино туымен жүзген Wide Trader кемесі өртеніп, сегіз экипаж мүшесі із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өрт Румынияның Сулина портынан оңтүстік-шығысқа қарай 13 теңіз милясы, шамамен 24 шақырым жерде тұтанды. Дабыл белгісі Астана уақытымен 15 қазанда сағат 09:00 шамасында түсті.
Кемеде 12 адам болған. Хабарламада айтылғандай, «олардың төртеуі қауіпсіз жерде, сегізі әзірге із-түзсіз жоғалғандар қатарында».
Оқиға орнына іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Румынияның теңіздегі адам өмірін құтқару агенттігінің (ARSVOM) тікұшағы мен кемесі жіберілді.
Алдын ала деректерге қарағанда, кеме ұшқышсыз ұшу аппаратынан зақымдалған болуы мүмкін. Бір күн бұрын дәл осы ауданда Комор аралдарының туымен жүзген YARA J кемесіне шабуыл жасалған.
Соңғы екі аптада Қара теңізде шабуылға ұшыраған сауда кемелерінің саны жетіге жетті.
Украинаның Одесса облысындағы порттарына соққылардан кейін кеме иелері рейстерден бас тарта бастады, бұл Украинаны теңіз экспортының бір бөлігін Дунайға бағыттауға мәжбүрледі.
Британдық Ambrey компаниясының сарапшылары шабуылдардың артында Ресей тұр деп есептейді. Олардың бағалауынша, Кремльдің мақсаты — Украинаның астық экспортын бұзу.
Әскери сарапшылар сондай-ақ Мәскеу НАТО-ның реакциясын тексеріп жатқан болуы мүмкін деп болжайды.


