24 шілдеге қараған түні Санкт-Петербург пен Тверь облысы ұшқышсыз ұшақтардың жаппай шабуылына ұшырады. Шабуыл салдарынан Wildberries нысандарын қоса алғанда, қойма кешендері зақымданды, деп хабарлайды infohub.kz.

Ленинград облысының әкімі Александр Дрозденко өңір үстінен 50 ұшқышсыз ұшақтың атып түсірілгенін хабарлады. Шабуыл қаупіне байланысты «Пулково» әуежайы уақытша жұмысын шектеді — әуе қақпасы рейстерді қабылдамай, жібермей тұрды.

«Осторожно, новости» Telegram-арнасының мәліметінше, шабуылға Wildberries қоймаларының бірі орналасқан «Уткина Заводь» өнеркәсіп аймағы ұшырады. Кейін компанияның баспасөз қызметі Шушары мен Уткина Заводтағы логистикалық кешендер жұмысының уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

Санкт-Петербург маңындағы Новосаратовка ауылында Wildberries қоймаларына жасалған ұшқышсыз ұшақ шабуылынан үш адам зардап шекті. Александр Дрозденконың айтуынша, олардың жағдайы орташа ауырлықта және олар ауруханада медициналық көмек алуда. Қойма аумағында өрт шықты.

Сонымен қатар Симферопольдегі Wildberries қоймасына шабуыл жасалғаны белгілі болды. Компанияның баспасөз қызметі: «Симферопольдегі сұрыптау орталығы қауіпсіздік талаптарына сәйкес эвакуацияланды», — деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, ұшқышсыз ұшақтардың бірі Ленинград облысы Киров ауданы Синявино кентіндегі «Северная» құс фабрикасының қоймасына шабуыл жасады. Соның салдарынан ғимарат құрылымының бір бөлігі құлады, алайда зардап шеккендер жоқ.

Соңғы апталарда Wildberries нысандары Ресейдің әртүрлі өңірлерінде бірнеше рет ұшқышсыз ұшақ шабуылдарының нысанасына айналды.