«Яндекс» компаниясының сервистеріндегі үзілістерге қарамастан, қазақстандық қолданушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ведомство «Яндекс» сервистеріндегі ақаулар қазақстандықтар күн сайын пайдаланатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты орынды сұрақтар туғызғанын атап өтті.
«Қазақстандық қолданушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты жұмыс істеп тұр. Алайда бұл бүкіл платформа автономды жұмыс істейді дегенді білдірмейді: такси және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті жекелеген компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан. Сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қолданушылар үшін басты мәнге ие. Осыған байланысты деректерді Қазақстан аумағында орналастыру және цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету — кешенді шешімді қажет ететін жеке міндеттер», — деді ведомство.
Сондай-ақ Жасанды интеллект министрлігі қазіргі таңда «Яндекс» қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын растады.
«Министрлік компаниямен және қазақстандық инфрақұрылымдық ұйымдармен қажетті қолдау көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасап жатыр. Сонымен қатар басқа да такси және жеткізу платформаларымен олардың жүктеме артқан жағдайда тұрақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде», — делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда «Яндекс» таксиі мен жеткізу қызметінің тоқтағанын жазған болатын.
Қазақстандықтар «Яндекс» сервистерінің жұмыс істемей қалғанын хабарлап отыр. Көбі такси шақыру кезінде қиындыққа тап болып, жоспарланған іс-шараларға бара алмай жатқанын жазуда. «Курсив» тілшілері де сервистердің жұмысын тексеріп, қазіргі уақытта такси немесе тамақ жеткізуге тапсырыс беру мүмкін еместігін растады.
«Яндекс Go» баспасөз қызметі сервистердің қателіктермен жұмыс істеп жатқанын немесе уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін екенін растады.


