Яндекс Go сервисіндегі «Бірге көмектесеміз» қайырымдылық механизмінің арқасында 27 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражат Қазақстанның өңірлеріндегі балаларға тең білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге жұмсалады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Yandex Qazaqstan компаниясы осы бастаманың алғашқы қорытындыларын шығарды. Пайдаланушылар мен компанияның өзі жасаған қайырымдылықтар педагогтар тапшылығы бар мектептерге мұғалімдерді тартуға, Ақмола облысында аутизмі бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинетін құруға, сондай-ақ робототехника және бағдарламалау бойынша қосымша оқытушылар даярлауға көмектесті.

Жоба аясында Teach for Qazaqstan, Bolashak Charity және Robotek Foundation сияқты үш ұйым қаржылай қолдау алды. Олар елдің әртүрлі өңірлерінде балаларға арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

Жиналған қаражат кадр тапшылығы сезілген мектептерге жаңа мұғалімдерді тартуға мүмкіндік берді. Мәселен, Қарағанды облысында Teach for Qazaqstan бағдарламасының үш қатысушысы жұмысқа кірісті. Олар екі жыл ішінде 500-ден астам оқушыны оқытады. Олардың шәкірттері қазірдің өзінде халықаралық жобаларға қатысып, ағылшын тілінде сөйлеп, білім гранттарын алып, олимпиадаларда жеңімпаз атануда.

Bolashak Charity қоры алған қайырымдылық қаражатын Ақмола облысындағы Ақтан Төлеубаев атындағы мектепте инклюзияны қолдау кабинетін құруға жұмсады. Бұл кабинетте психикалық даму ерекшеліктері бар оқушылар түзету педагогтарымен жеке сабақ ала алады.

Ал Robotek Foundation робототехника мен бағдарламалаудан он оқытушы дайындады. Олар жыл сайын 300-ден астам оқушыны инженерлік дағдыларға үйретіп, оларды республикалық және халықаралық жарыстарға дайындай алады.

«Бірге көмектесеміз» қайырымдылық механизмі 2025 жылдың желтоқсанында іске қосылды. Ол пайдаланушыларға жай ғана сапар жасап, жеткізуге тапсырыс беру арқылы тұрақты түрде қаражат аударуға мүмкіндік береді. «Бірге көмектесеміз» бөлімінде пайдаланушы 10 теңгеден 1000 теңгеге дейінгі қайырымдылық сомасын таңдайды. Осыдан кейін таңдалған сома банк картасымен төлеу кезінде Такси және Жеткізу қызметтеріндегі әрбір тапсырыс құнына автоматты түрде қосылады. Yandex Qazaqstan жиналған қаражатты екі есе арттырып, оны «КАМЕДА» қорына жібереді, ол оларды Teach for Qazaqstan, Robotek Foundation және Bolashak Charity қорлары арасында тең бөліктерге бөледі.

Қазір «Бірге көмектесеміз» қызметін Қазақстанның Такси және Жеткізу қызметтері қолжетімді 25 қаласында қосуға болады. Жазылымды экранның сол жағындағы мәзірде кез келген уақытта өшіруге болады.