Йеменнің ираншыл хуситтері Қызыл теңізде жүзіп келе жатқан Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Хуситтердің әскери өкілі Яхья Саридің сәрсенбідегі мәлімдемесінше, «ENCELA» және «LAYLIA» атты екі танкер «әскери күштер қабылдаған блокада шешімін бұзғаны үшін» нысанаға алынған. Шабуыл бірнеше баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалып, кемелерде өрт шыққан. Саридің айтуынша, бұдан бөлек онға жуық кеме бағытын өзгертіп, кері қайтуға мәжбүр болған.
Сауд Арабиясы бұл мәлімдемелерге әзірге түсінік бермеген. Алайда Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары (UKMTO) бір танкерге шабуыл жасалғаны туралы хабар алғанын растады. Олардың мәліметінше, танкер капитаны белгісіз оқ-дәрінің тиюінен бортта өрт шыққанын хабарлаған, экипаж өртпен күресіп жатыр.
Он жылдан астам уақыт бойы Йемен үкіметі мен оны қолдайтын Сауд Арабиясы бастаған коалицияға қарсы соғысып келе жатқан хуситтер 20 шілдеде Сауд Арабиясына теңіз блокадасын жариялаған болатын. Бұған дейін Йемен үкіметі ирандық ұшақтың қонуына тосқауыл қою мақсатында хуситтер бақылауындағы Сана әуежайын бомбалаған еді. Бұл төрт жылдағы ең ауыр зорлық-зомбылық оқиғаларының бірі саналды.
Сауд Арабиясы хуситтердің «Рияд йемендіктерге қоршау жасады» деген айыптауын жоққа шығарды. Ал хуситтерді сынаушылар олардың Иорданияның Амман мен Сана арасында әуе рейстерін қайта бастау туралы ұсынысынан бас тартқанын атап өтеді.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы кезінде Үрміз бұғазы арқылы жүк тасымалы бұзылғандықтан, Сауд Арабиясы мұнайды Қызыл теңіз және Баб-әл-Мандеб бұғазы арқылы баламаршрутпен жөнелтуге тырысып келген. Алайда енді бұл жол хуситтердің қаупіне ұшырап отыр.
Хуситтер 2023 жылғы қазанда Израильдің Газадағы геноцидтік соғысы басталғаннан кейін Баб-әл-Мандеб маңындағы кемелерге шабуылдар жасап, жаһандық сауданы әлсіреткен болатын. Шабуылдар 2025 жылғы қазанда Газада «атысты тоқтату» жарияланғаннан кейін ғана тоқтады.
Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғайтын Баб-әл-Мандеб бұғазы — әлемдегі ең маңызды кеме жолдарының бірі, әсіресе мұнай экспорты үшін. Бұғаздың ең тар жерінің ені небәрі 29 шақырым болғандықтан, кемелер тек екі арнамен — бірі кіруге, бірі шығуға арналған. 2024 жылы бұл бұғаз арқылы шамамен 4,1 миллиард баррель шикі мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданған, бұл әлемдік көлемнің 5 пайызын құрады. Израиль мен АҚШ осы жылдың ақпан айының соңында Иранға соғыс ашқаннан бері Үрміз бұғазы іс жүзінде жабық. Егер Баб-әл-Мандеб те жабылса, әлемдік мұнай мен газ жеткізілімінің 25 пайызы бұғатталуы мүмкін.


