Илон Маск деген кім және әлемнің өзгеруіне қандай ықпалы бар?
Илон Рив Маск – канада-амеркикалық кәсіпкер, инженер, өнертапқыш, инновациялық жобаларды инвестициялайтын бизнес-магнат.
SpaceX, Tesla Motors компаниясының негізін құрушы, басшысы, SolarCity, PayPal тең құрылтайшысы баламалы энергетикаға қатысты жаңа технологиялар жасауға, экологиялық таза электромобильдерді, үнемді күн сәулелік электр станциясын құрастыруға қатысқан. Ол адам қабілетінен тыс деңгейдені OpenAI жасанды инттелект жасау, Hyperloop концептуалды жоғары жылдамдықты тасымалдау жүйесі, Марсқа саяхаттай алатын әуе кемесін жобалау мәселелерімен айналысқан.
Бойынан табандылық, еңбекқорлық табылатын, сын тұрғысынан ойлап, жағдайды, өз әрекетін нақты талдай алатын жан біздің заманымыздың қаһарманы ретінде әлдеқашан мойындалған. Оның аптасына 100 сағат жұмыс істегендігі көпшілікке белгілі.
«Форбс» журналының 2016 жылдың қаңтар айында жариялаған мәліметі бойынша, бизнесменнің байлығы 12,4 миллиард долларға бағаланып, ең бай америкалықтардың тізімінде 39-орынға жайғасқан.
Илон Масктың балалық шағы
Миллиардер 1971 жылдың 28 маусымында оңтүстік африкалық Претория қаласында дүниеге келген. Ол инженер Эррол Маск пен диеотология саласының сарапшысы Майя Масктың жанұясындағы үш баланың тұңғышы еді. Илонның 1972 жылы дүниеге келген бауыры Кимбэл және 1974 жылғы Тоска есімді қарындасы бар. 1980 жылы ата-анасы ажырасқаннан соң, Илон алғашында анасымен қалғанымен, кейіннен әкесімен бірге тұруға сұранған.
Бала күнінде оқуды ерте үйренген Илон мен бауырлары уақыттарының басым бөлігін оқумен өткізген. Илон көпшілік арасында болғанды ұнатпайтын. Өзімен-өзі жалғыз қалғанды жөн көріп, ойға беріледі. Бала күнінде қатарластары үнемі кемсітетін болған. Бірде бір топ бала аяусыз соққыға жығып, ауруханаға түскен жағдай да орын алған еді.
Илон 9 жасында алғаш рет Commodore VIC-20 компьютерін алған. Мұнан әрі бағдарламалар жазумен әуестеніп, бағдарламалау тілін үйренген. 12 жасында шутер-видеоойынын жасап, 500 долларға сатады. Бала болса да алғашқы табысын тәттілерге жұмсамай, компания акциясын сатып алған. Аздаған уақыттан кейін акцияны қымбат бағаға сатуға болатын еді. Ал ол ақша арманы мол баланы мақсатына бір табан жақын етіп, басқа құрлыққа көшуіне мүмкіндік береді.
Илон Масктың білім алуы
Илон Маскты жетістікке жеткізген өміріндегі ең маңызды оқиға – ОАР-ден АҚШ-қа көшуі. Алайда алғашында ол АҚШ-қа көшіп бара алмағандықтан, көршілес Канаданың Монреаль қаласында тұратын нағашыларының үйінде тұрақтаған. Ол жерде азаматтық алып, бір жыл шамасында төмен дережелі жұмыстарда істеген. Бұл уақытта Илон кедейлікте өмір сүрген еді.
Өр мінезді жас жігіт 1990 жылы әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі Кингстондағы Куинс университетіне оқуға түседі. Ал 2 жылдан кейін Пенсильвания штатының америкалық Университетіне ауысқан. Университеттегі білімін тәмамдағаннан кейін, физика және экономика пәндері бойынша бакалавр дипломын алған.
Мұнан соң жас жігіт физика бойынша докторлық дәреже алу мақсатында Стэнфорд университеті жанында аспирантураға тапсырады. Бірақ кәсіпкерлікпен айналысу үшін, оқуын аяқсыз қалдырған.
Илон Маск мансап жолының басталуы
1995 жылы Илон өзінің бауыры Кимбэлмен бірлесіп алғашқы Zip2 IT-компаниясын ашқан. Компания жаңалықтар контенті жарияланымы мен сайттарды қолдауға арналған бағдарламалар жасауға мамандандырылған. Ол таңның атысынан күннің батысына дейін тынбай еңбектеніп қана қоймай, жалдамалы кеңседе өмір сүрген еді.
Алайда оның табандылығы мен қайраттылығы толайым табысқа, жетістікке жетуіне сеп болады. 1999 жылы ағайындылар өздерінің стартаптарын AltaVista интернет-іздеушісіне 307 миллион доллар көлеміндегі рекордты қаражатқа сатқан. Илон қолына түскен 20 миллион долларды McLaren F1 спорттық автокөлігі мен 12 орындық Dassault 900 ұшағына жұмсаған.
Кейіннен ол студент кезінен-ақ әлемді өзгертетін қызмет салаларымен айналысқысы келгендігін мойындайды. Илонның ойынша, адамзат тағдырына ықпалы мол ең маңызды салалалар – интернет, ғарышты бағындыру және жаңғыртылмалы энергетика. Жігерлі жас оларды бағындыруға кірісіп те кеткен.
Илон Маск және PayPal
Илонның келесі интернет-жобасы – 1999 жылы жасалған X.com стартабы. Ол бір жылдан соң бәсекелес Confinity компаниясымен серіктестік құрып, 2001 жылы X.com атауы PayPal ретінде өзгерді.
Олар электронды төлем жөніндегі идеяны жүзеге асыруға тырысып, нәтижесінде алдыңғы қатардағы төлем жүйелерінің бірі PayPal-ды құрған еді.
Екі команда арасындағы келіспеушіліктерге қарамастан, сервисті қолданушылар саны қарқынды түрде өскен. Оған жүргізілген озық саясат пен инновациялық модельдерді енгізу сеп болған-ды. Кәсіпкердің табысы артып, 2002 жылы eBay жүйесін 1,5 миллиард АҚШ долларына сатып алады. Ондағы Масктың үлесі – шамамен 180 миллион.
Ендіг оның қолында күн энергиясы мен ғарышқа қатысты жоспарларын іске асыруға мүмкіндік беретін жеткілікті қаражат бар еді.
Илон Маск және Марс
Кәсіпкер ғарышты бағындыру мақсатында үшінші компанияның негізін қалады. Ол Марсты бағындыру жөніндегі идеяның жақтаушысы ретінде «қызыл ғаламшардың» дербес экожүйесін құруға негіз болатын арнайы жылыжайларды жобалауға кіріскен.
Илон құнының қымбаттығына байланысты, дайын зымырандарды сатып алуды тиімсіз санаған. Сондықтан көп мәрте қолдануға болатын ғарыш аппаратын жасауды өз қолына алады. Бастапқыда кәсіпорынына 100 миллион АҚШ долларын салған ол артынша АҚШ Қорғаныс министрлігінің DARPA агенттігінен ірі инвестициялар тартқан. Нәтижесінде NASA 12 партия жүкті Халықаралық ғарыш станциясына жеткізу бойынша компаниямен 1,6-миллиардтық келісім шартқа отырған.
2009 жылы ғарыш кемесі жүкті Жер орбитасына сәтті жеткізген. Ұйғарылым бойынша, мұнан әрі ол астронавтар экипажын станциға жеткізетін болады.
Компания құны 3 миллиард долларға жеткенімен, негізгі иесі сатуға асықпаған. Оған себеп – адамзатқа қиялдағыдай көрінетін ойларды бірнеше онжылдықтан кейін шындыққа айналдыру.
Илон Маск және Tesla
2004 жылы Илон қос өнертапқыш негізін қалаған Tesla Motors компаниясына қосылады. Ол – сериялы электрокарларды құрастыратын өндіруші ретінде белгілі.
Илон Маск ағылшындық Lotus Elise негізіндегі Tesla Roadster спорттық автосын шығаруға атсалысқан. Оның бастамасы бойынша модельдердің барлығы айтарлықтай ықшамдалған. Сонымен қатар батареяның бөлігі жетілдіріліп, фарлар құрылысының дизайнына жаңа элементтер қосылған. Бұл еңбегі үшін Илон Global Green-2006 экология саласында сыйлық алады. Ал жобаға тартылған инвестиция 100 миллион көлеміндегі жергілікті валютаны құрайды.
Кәсібінің дамуы мен есебіндегі қиындықтарға қарамастан, компанияны банкротқа ұшыраудан аман алып қалады. Десе де ол үшін біраз қызметкерді жұмыстан босатып, спорттық автокөлігін сатуына тура келген.
Кәсіпорынның қаржылай табысқа жетуіне сеп болған премиум сыныпты Model S седанын шығарғандығы еді. Миллиардер New York Times тілшісімен пікірталасқа қатысу арқылы қоғамның қызығушылығын тудырады. Нәтижесінде 2013 жылы жарты жыл ішінде 10,5 мың электрокар сатылған.
Сонымен қатар табысты кәсіпкер электрлі көлік түрлерін қуаттандыратын станцияларды дамытумен айналысады. Ол немере ағасы Рив негізін қалаған SolarCity дамытуды көздеген. Кәсіпорын күн сәулелі электр станцияларын орнату бойынша мамандандырылған. SolarCity-дің капиталдандырылуы 3 миллиард АҚШ долларына бағаланады.
Илон Масктың жеке өмірі
Жасанды интеллектіні бақылау құралдарын іздестіруге 10 миллион АҚШ долларын сыйлаған миллиардер екі рет отбасын құрған.
Илон бірінші әйелі Жюстинмен Канадада оқып жүргенде танысқан. Маск болашақ жарынан бір жас кіші болғандықтан, алғашында көңілін таба алмаған. Ал арада біраз уақыт өткеннен кейін ынтық еткен сұлуының жүрегін жаулайды. Университеттегі білімін тәмамдағаннан кейін олардың жолы уақытша екіге айырылған-ды. Ал 2000 жылы жастар отау құрады.
2002 жылы жас жұбайлардың отбасында ұл бала дүниеге келеді. Алайда ол кенеттен болатын өлім синдромынан шетінеп кеткен. Дәрігерлер сәбидің өмірі үшін ұзақ күрескенімен, өмірін аман алып қала алмады. Баласының өлімінен кейін Илон жай түскендей күйде болып, тұйықтала түседі. Бірақ араға уақыт сала, Жюстин азаматына Гриффин және Дамиан есімді егіздер, Ксавье, Саксон және Кайя есімді үшемдерді сыйлады.
Уақыт өте келе жұбайлардың арасы суып, отбасынан береке кетеді. Кәсіпкер уақытының басым бөлігін жұмысында өткізіп, отбасына аз көңіл бөледі. Нәтижесінде Илон мен Жюстиннің 8 жылға жалғасқан отбасылық өмірі ажырасумен тынады. Үйленер алдында жұбайлар неке келісім шартына отырғандықтан, Жюстин бұрынғы күйеуінен ештеңе ала алмаған.
Кәсіпкер 2010 жылдың қыркүйегінде екінші рет шаңырақ көтерген. Бұл жолы жүрегіне жол тапқан ару ағылшын актрисасы Талула Райли болды. Илон Талуламен ажырасқаннан кейін кездесе бастаған. Басылым беттерінде актрисаның кәсіпкердің отбасын бұзғандығы жайлы жазылған. Дегенмен екеуінің арасындағы сезім ұзаққа созылмады.
Үйленгеннен бір жарым жылдан кейін Маск екінші әйелімен ажырасуға арыз береді. Екі жаққа кетіскен жұбайлар 2013 жылы қайта табысқан. Алайда шаңырақтағы бақыт тағы да баянды болмайды. 2014 жылдың желтоқсанында екеуі ажырасып тынған-ды. Арада жарты жыл өткен соң жұбайлар бұл шешімінен бас тартқан. Бірақ 2016 жылдың наурыз айында екі жақты келісім бойынша ажырасады.
Қол жетімді ғарыш туризмін мүмкін етпекке талпынған кәсіпкерге Чехияда шығарылған Aero L-39оқу-жаттығу реактивті ұшағы тиесілі. Мұнан кейін ол 2005 жылы «Мұнда шылым шекпейді» фильмінің түсірілімінде қолданылған Dassault Falcon 900 моделін иеленеді. Миллионер бұл фильмге продюсерлік етіп қана қоймай, ұшқыш ретінде эпизодтық рөл сомдаған.
Кіші Роберт Дауни орындауындағы «Темір адам» экрандық бейнесі белгілі бір деңгейде Илоннан көшіріп алынған. Илонның өзі әйгілі киноэпопеяның екінші бөлімінде бас кейіпкердің досы ретінде бой көрсетеді.
Сонымен қатар Маск британдық агент 007 Джеймс Бонд туралы «Мені сүйген тыңшы» фильміндегі Lotus Esprit негізіндегі Wet Nellie субмарина-автокөлігін сатып алған. Айта кетерлік жайт, Илонның қарындасы кинематографиямен айналысады. Ол Musk Entertainment кинокомпаниясының негізін қалаған.
Кәсіпкер өз атындағы қайырымдылық қор құрған. Ол байлығының бір бөлігін табиғат апаттарының салдарын жоюға бөліп тұрады (Алабамадағы дауыл, жапониялық Сома қаласындағы цунами).
Илон Масктың бүгінгі өмірі
Марсты бағындыруды армандайтын Илон 2012 жылы алғаш рет көліктің жаңа түрін құрастыру жөніндегі жоспарын жариялады. Жоспарындағы көлік әуе сапарын дыбыс жылдамдығымен дәстүрлі ұшақтардан екі есе жылдам жүзеге асыра алатын Hyperloop еді.
Құбыр тәріздес түрдегі магистральді қолдану жоспарланған жүйе 20 метр биіктікте құрастырылмақ. Ол күн сәулесінен қуаттанып, жолаушыларды кез-келген уақытта межелі жерге жеткізе алады. Бастысы – қауіпсіз.
Кәсіпкер 5 мильдік алаң құрылысын бастаған. Ол бойынша Лос-Анджелес пен Сан-Франциско аралығындағы 600 километр қашықтықты небары 30 минутта жүріп өтуге болады.
Маск 2016 жылдың қаңтар айында Лос-Анджелес пен Нью-Йорк арасындағы 4 000 километр қашықтықта жүргізушісіз жүре алатын электромобильді 3 жыл ішінде құрастыруды көздейтінін мәлімдеген. Бүгінгі таңда ол жұмыстар басталып та кетті. Бұған дейін Tesla компаниясының бас директоры БАҚ-қа автокөліктерін өздігінен тұраққа қойылуға, гаражға кіруге «үйреткендігін» хабарлаған еді.