«Ымырт» культтік сагасы Қазақстанда қайта прокатқа шығады. Kinopark кинотеатрлар желісі 17 қыркүйектен бастап франшизаның қайта көрсетілімін бастайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл оқиға қазақстандықтар арасында үлкен қызығушылық тудырды: сатылым басталған алғашқы уақытта сервистерде 700-ден астам билет сатылды.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, бірінші бөлімнен кейін үлкен экрандарға франшизаның қалған фильмдері де біртіндеп шығады. Қайта прокат 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Билет бағасы уақыт пен санатқа байланысты өзгереді: ересектер билеті — 2 300-ден 3 100 теңгеге дейін, студенттік — 1 700-ден 2 000 теңгеге дейін, балалар билеті — 1 500 теңгеден. Алматыда алдын ала сатылым қызу жүріп жатыр, Астанада кесте әлі ашылмаған.
Әлеуметтік желілерде саганың қазақстандық жанкүйерлері Белла Свон мен Эдвард Калленнің оқиғасын үлкен экранда қайта көру мүмкіндігін талқылап, фильмдер туралы естеліктерімен бөлісуде.
«Досым қандай уақытында жіберді. Бірден сатып алдық, әйтпесе билеттер тез таусылады», «Ура», «Бүгінгі ең жақсы жаңалық», — деп жазады пайдаланушылар.
«Ымырт» 2008 жылы жарық көріп, ең танымал жасөспірімдер кинофраншизаларының бірінің басы болды. Белла есімді қыз бен вампир Эдвард туралы оқиға төрт жалғасын алды — «Жаңа ай», «Тұтылу» және «Таңның атуының» екі бөлімі.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Американдық кино фестивалі Алматының үш кинотеатрында өтетінін жазған болатын. Қала тұрғындары «Болашаққа қайта оралу», «Аполлон 13», «Юра кезеңінің саябағы» сияқты Голливуд классикасын тегін көре алады.


