Қазақстанда бір ай ішінде 500-ден астам жүк көлігі тексеріліп, ыстық ауа райына байланысты 302 көліктің қозғалысы шектелді. Бұл – бір айлық іс-шараның нәтижесі, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда 10 шілде мен 10 тамыз аралығында «Назар аударыңыз! Ауыр салмақты көлік!» профилактикалық акциясы өтуде. Оның мақсаты – ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды бақылауды күшейту, сондай-ақ автомобиль жолдарын сақтау. Сонымен қатар, елімізде жол төсемінің бұзылуына жол бермеу үшін ауа температурасы жоғары уақытта жүк көліктерінің қозғалысын уақытша шектейтін маусымдық температуралық режим қолданылады.

Шектеулер ауа температурасы +25 °C-тан жоғары болғанда енгізіледі және жүк көліктерінің жекелеген санаттарына қолданылады. Алайда бұл халықаралық және жолаушылар тасымалына, сондай-ақ тез бүлінетін, қауіпті және гуманитарлық жүктерді тасымалдауға қатысты емес. Төтенше жағдайларды жоюға, жол жұмыстарына және әскери тасымалға жұмылдырылған көліктер де ерекшелікке ие. Салмақ-габариттік нормалар мен температуралық режим талаптарының сақталуын аумақтық көлік бақылау органдары қадағалайды.

Акция аясында мамандар 500-ден астам ауыр салмақты көлік құралын тексерді. Тексеру нәтижесінде көлік заңнамасының 281 бұзушылығы анықталды, оның ішінде көлік құралдарының рұқсат етілген массасынан асып кетудің 116 фактісі бар. Сонымен қатар, маусымдық температуралық режим талаптарын сақтамағаны үшін 302 жүк көлігінің қозғалысы шектелді. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша тасымалдаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі тасымалдаушыларды қолданыстағы маусымдық шектеулерді ескере отырып, бағыттар мен қозғалыс кестелерін алдын ала жоспарлауға шақырды. Бұл бұзушылықтарды болдырмауға және автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Толығырақ infohub.kz сайтынан.