2026 жылы қазақстандықтардың қытай валютасына деген қызығушылығы айтарлықтай әлсіреді: қаңтар–шілде аралығында айырбастау пункттері «таза» 303 млн теңгеге ғана юань сатты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 45,9%-ға аз, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің дерегінше, 2026 жылдың шілдесінде доллардың нетто-сатылымы (айырбастау пункттерінің сатуы мен сатып алуының айырмасы) шамамен 123,03 млрд теңгені құрады — былтырғы деңгеймен шамалас. Юаньде динамика керісінше: шілдеде халық «таза» 12,2 млн теңгеге ғана қытай валютасын сатып алды, яғни айырбастау пункттеріне юань тапсырғанын ескергенде. Былтыр осы айда нетто-сатылым 156,6 млн теңгеге жеткен.

Finprom порталы атап өткендей, мұншалықты күрт құлдырауға елеулі себеп болмаған. Қаңтарда орташа бағамы 507,6 теңгеге жетіп, шілдеде 472,13 теңгеге төмендеген доллардан өзгеше, юаньде мұндай «секірістер» байқалмаған.

«Былтырғы қаңтар-шілдеде ресми бағамның орташа мәні бір юань үшін шамамен 71 теңге болса, 2026 жылдың осы кезеңінде — шамамен 70,7 теңге, яғни айырма 1%-ға да жетпеді», – дейді сарапшылар.

Жалпы 2026 жылдың қаңтар–шілдесінде айырбастау пункттері сатып алғанынан 303 млн теңгеге артық юань сатты. Бұл былтырғыдан 45,9%-ға аз. Салыстырар болсақ: 2025 жылдың 7 айында қытай валютасының нетто-сатылымы 559,7 млн теңге, ал 2024 жылдың осы кезеңінде 727,6 млн теңге болған. Осылайша, екі жылда юаньге сұраныс 2,4 есе азайды.

Аймақтық құрылым да өзгерді: Алматыда нетто-сатылым көлемі 6,2 есе қысқарып, 58,4 млн теңгеге түсті, ал көш басына 104,4 млн теңге көрсеткішімен Қарағанды облысы шықты.

Қолма-қол юаньмен жасалатын операциялардың азаюы Қазақстанның Қытаймен саудасының айтарлықтай көлеміне қарамастан жүріп жатқаны назар аудартады. 2026 жылдың қаңтар–шілдесінде қазақстандық тауарлардың Қытайға экспорты 9,2 млрд долларды, қытай тауарларының импорты 10,9 млрд долларды құрап, жалпы тауар айналымы 20 млрд долларға жетті.

Қытай 18% үлеспен қазақстандық экспорттың ең ірі бағытына айналып, 29,4% үлеспен импорттың екінші ірі жеткізушісі болды. Алайда сыртқы сауда көлемі халықтың қолма-қол юаньге сұранысын толық көрсете алмайды, оған деген қызығушылық шектеулі күйінде қалып отыр.