Бұған дейін Ресейде шетелдік агент деп танылған танымал журналист Юрий Дудь террористік және экстремистік әрекетке қатысы бар адамдар тізіміне қосылды. Тиісті жазбаны Қаржы мониторингі жөніндегі федералдық қызмет (Росфинмониторинг) енгізіп, 7039 нөмірімен жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тізімде журналистің дербес деректері көрсетілген: «Дудь Юрий Александрович, 1986 жылғы 11 қазанда туған, Потсдам қаласы, ГДР».
Басылымның түсіндіруінше, мұндай тізімге ену банк шоттарының бұғатталуына әкеп соғады. Адамға тек шектеулі соманы алуға және жұмсауға рұқсат етіледі — ол да «өзінің тіршілігін, сондай-ақ өзімен бірге тұратын, дербес табыс көзі жоқ отбасы мүшелерінің тіршілігін қамтамасыз ету үшін» ғана.
Юрий Дудь — журналист және блогер, оның YouTube видеохостингіндегі арнасының 10 миллионнан астам жазылушысы бар. 2022 жылдың сәуірінде Ресейдің Әділет министрлігі оны шетелдік агент деп жариялады. Журналист бұл шешімге шағымданып, «шетелдік агент функциясын атқаратын шетелдік БАҚ тізіліміне енгізілгені туралы хабарлама жібермеуінен көрінген Әділет министрлігінің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды» талап етті. Алайда Жоғарғы сот оның талабын қанағаттандырудан бас тартты.


