Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көліне балық аулауға барып, үйлеріне оралмаған екі ер адам бір аптадан кейін қаза тапқан күйде табылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 22 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Балықшы ауылдық округінде 1979 және 2001 жылы туған екі ер адам Зайсан көліне балық аулауға барып, қайтып оралмаған.

ТЖМ күштері мен құралдары үздіксіз іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Іздеуге жергілікті тұрғындар да өз қайықтарымен қатысты.

Іздестіру жұмыстарының бірінші күні жағалаудан 3–4 км қашықтықта суға батқан қайық табылды.

29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның денесін тапты. 30 қыркүйекте құтқарушылар судан 1979 жылы туған ер адамның денесін алып шықты.

«Іздестіру жұмыстары барысында ТЖМ құтқарушылары 63 суасты сүңгуін жасап, көлдің жағалау сызығын және су айдынын, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану арқылы тексерді. Іздестіру жұмыстарына ауа райы жағдайлары, қатты жел мен су айдынындағы толқын, сондай-ақ тексерілетін су айдынының аумағының үлкендігі кедергі келтірді. Бұл сүңгуірлердің жұмысын және судағы іздестіру топтарының қозғалысын айтарлықтай қиындатты», — деп қосты ТЖМ.