Қазақстанда жеке үй иелері тек өз учаскесін ғана емес, қоршау сыртындағы аумақты да таза ұстауға міндетті. Бұл туралы заңгер Анна Юдина қазақстандықтың сұрағына жауап бере отырып айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жеке сектор тұрғыны былай деп сұрады: «Мен жеке секторда тұрамын. Жақында үй иелері өз қоршауының сыртындағы бес метрге дейінгі аумақты қадағалауы керек екенін білдім. Бірақ бұл жер маған тиесілі болмаса, неге өз есебімнен шөп шауып, қоқыс пен қар тазалауым керек? Ол үшін айыппұл салуы мүмкін бе?»

Жаңа ережелер бойынша, жеке үй иесі тек өз учаскесін ғана емес, оған іргелес аймақты да қадағалауы тиіс. Оны таза ұстау қажет: қоқысты жинау, газон күйін қадағалау, шөптің қаулап өсуіне жол бермеу, аумақты қар мен мұздан уақтылы тазалау.

Аумақты тиісті деңгейде ұстамағаны үшін үй иесі жауапкершілікке тартылуы мүмкін. «Полицей, учаскелік келіп, жерің лас деп айтады. Ол мұны тіркеп, аудандық немесе қалалық әкімдікке жібереді. Өйткені бізде тек аудандық және қалалық әкімдіктер ғана хаттама толтырып, жауапкершілікке тартуға құқылы. Бірінші рет ескерту жасалады. Ал екінші ретінде 20 АЕК болады», — деп жауап берді заңгер Анна Юдина.

Сонымен қатар, нормалар жолға дейінгі және одан әрі аумақты тазалауды міндеттемейді. Мысалы, қоршау мен жүргінші жолының арасы үш метр болса, жауапкершілік аймағына тек осы учаске кіреді. Ал егер қашықтық бес метрден асса, үй иесін бүкіл аумақты ұстауға міндеттеу тек шенеуніктер тарапынан қосымша жазбаша талаптар болған жағдайда ғана мүмкін.