Қайтыс болған адамның жеке басын өлімінен кейін жылдар өтсе де бір ғана тістен анықтауға болады. Мұндай кешенді талдау әдісін жапон зерттеушілерінің тобы әзірледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Earth.com жазуынша, мәйіт айлар немесе жылдар өткен соң табылғанда, сүйек арқылы жасты тек шамамен анықтауға болады: қателік 30 жылға жетеді. Токио ғылым институтының зерттеушісі Хисако Сайто басқарған топ 15 сәйкестендірілмеген мәйіттің әрқайсысынан бір-бір төменгі кіші азу тісті зерттеді. Сүйектен өзгеше, тіс ағзаның ең қатты тіні — эмальмен қорғалған, ал оның құрамы балалық шақтан бері өзгермейді, адамның өмірі туралы ақпаратты сақтайды.
Әр тісті қалыңдығы шамамен бір миллиметр жұқа пластиналарға бойлай кесіп, төрт түрлі сынаққа жіберді. Тіс тамырының қабығы арқылы барлық жағдайда жынысты анықтауға, ал 12 үлгіде туыстарын іздеу үшін ДНҚ бөліп алуға мүмкіндік туды. Жұмсақ ішкі тін арқылы 251 дәрі мен заттың бар-жоғы тексерілді: әдіс адам ұзақ уақыт қабылдаған препараттарды, соның ішінде антидепрессанттарды көрсетті.
Эмаль балалық шақтағы тағам рационын анықтауға көмектесті — барлық қайтыс болған адамдардың рационы күріш пен бидайға негізделген. Сонымен қатар 1950–1960 жылдардағы ядролық сынақтардан кейін атмосфераға түскен радиоактивті көміртектің деңгейі мен тіс тініндегі аминқышқылдарының өзгеруі бойынша ғалымдар туған жылын және өлім сәтіндегі жасты орташа бес жылдық дәлдікпен есептеді. Scientific Reports журналында жарияланған жұмыс авторлары әдісті сот-медициналық сарапшылардың жұмысына енгізу үшін оны жетілдіруді жоспарлап отыр.


