Қытайдың ORG Technology Co Ltd компаниясы — Қытайдағы алюминий банкілерінің ірі өндірушісі және әлемдегі ең ірі бес компанияның бірі — Алматыда зауыт салу жобасы үшін жергілікті серіктестермен келісімге келген сияқты. Бұған экономист, қаржы кеңесшісі және Finmentor.kz негізін қалаушы Арман Батаев назар аударды, деп хабарлайды infohub.kz.
«Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) жаңа холдингтік компания — ORG OREA Industries Holding Ltd. тіркелді. Оның жарғылық капиталы $47,4 млн құрайды. Компанияның құрылтайшылары ORG Kazakhstan Packaging Ltd. және Oasis Partners Holding SPC Ltd. болды. Кейін соңғысы атауын OREA Industries Holding SPC Ltd. деп өзгертті.
Жаңа холдинг Алматыдағы еншілес компанияны басқару үшін құрылған. Бұл компания екі компонентті металл банкілер шығаратын кәсіпорынды салуға, иеленуге, пайдалануға және қызмет көрсетуге тиіс. Зауыттың жоспарланған қуаты — жылына 1 млрд банкі.
ORG Technology компаниясының Қазақстан нарығына шығу жоспары бұған дейін белгілі болған еді. 2025 жылдың маусымында қытайлық компанияның директорлар кеңесі Қазақстанда жобалық компания құрып, Алматыда екі компонентті алюминий банкілері зауытын салу туралы шешім қабылдады.
Жобаға салынатын жалпы инвестиция шамамен 646,52 млн юань немесе $90-95 млн деп бағаланған. Кейін «Астана» халықаралық қаржы орталығында жарғылық капиталы $50 млн болатын ORG Kazakhstan Packaging Ltd. тіркелді.
Енді ORG OREA Industries Holding Ltd. пайда болуы жобаға қазақстандық серіктестердің тартылуы мүмкін екенін көрсетеді. Жаңа холдингтің құрылтайшыларының бірі болған Oasis Partners Holding SPC Ltd. 2025 жылдың 11 желтоқсанында тіркелген. 2026 жылдың 25 мамырында компания атауын OREA Industries Holding SPC Ltd. деп өзгертті.
OREA Industries Holding SPC Ltd. акционері — ALGAZY Holding Limited. Бұл компания 2025 жылдың 27 ақпанында $10,2 млн жарғылық капиталмен тіркелген. Оның құрылтайшылары — Сәуле Алғазиева және Зәуре Алғазиева. Алғазиевтер отбасы Қазақстандағы ең көне кәсіпорындардың бірі — «Первый пивзавод» ЖШС-нің едәуір үлесіне ие. Сонымен қатар, отбасы мал шаруашылығы және алкогольдік сусындар өндірісі саласындағы басқа да жобаларды дамытуда.
Бұл Қазақстанда басталуы мүмкін алюминийді қайта өңдеудегі алғашқы жоба емес. Әлемдегі ең ірі алюминий өндірушілердің бірі — қытайлық Xinfa Group — Павлодар облысындағы зауытқа $15 млрд инвестиция салады. Зауытта шикізаттан бөлек, дайын өнімдер, оның ішінде сымдар мен смартфон корпустары шығарылады.
Әлемдегі алюминийді қайта өңдеушілердің алғашқы ондығына кіретін Xinfa Group $15 млрд-ты үш кезеңде инвестициялауы тиіс: бірінші кезең — 2026-2027 жылдары $5,5 млрд, екінші кезең — 2028 жылы $4 млрд, үшінші кезең — қалған $5,5 млрд.


