Қазақстанда салынып жатқан үш жаңа әуежай — Зайсан, Кендерлі және Қатон-Қарағай нысандарының құны 68-ден 89 миллиард теңгеге дейін жетеді. Жолаушыларды толыққанды қабылдау келесі жылдың бірінші жартысында басталады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Нысандарды пайдалануға берудің нақты мерзімін журналистер үкіметтегі брифингте премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтан сұрап білді. Бұған іске қосу күндері туралы ашық дереккөздерде әртүрлі ақпарат таралуы себеп болды.
Вице-премьердің айтуынша, Зайсандағы әуежай шамамен 68 миллиард теңгеге, Кендерлідегі — 69 миллиард теңгеге жуық, Қатон-Қарағайдағы — 89 миллиард теңге шамасында тұрады.
«Мен үш әуежайдың құрылыс алаңдарына жеке өзім барып, жұмыс барысымен таныстым. Маусым айында тиісті тапсырмалар берілді. Қазір әкімдер де құрылысты күн сайын бақылап отыр. Осы жылдың соңына дейін Зайсан ауданындағы әуежай құрылысын толық аяқтаймыз. Қатон-Қарағайдағы әуежай құрылысын келесі жылдың ақпанында бітіріп, халыққа пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Кендерлідегі әуежай құрылысын да осы жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсырамыз», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Ол құрылыс біткен соң құжаттарды рәсімдеп, лицензия алу қажет болатынын қосты. Сондықтан бұл әуежайлар жолаушылар мен әуе кемелері үшін келесі жылдың бірінші жартысында жұмыс істей бастайды.
«Келесі туристік маусымға қарай олар толыққанды жұмыс істейтін болады», — деп толықтырды премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Айта кетейік, осы жылдың мамырында премьер-министр Олжас Бектенов Зайсан, Кендерлі, Арқалық және Қатон-Қарағайдағы әуежайларды 2026 жылы іске қосу туралы тапсырма берген болатын.


