Шығыс Қазақстан облысында бір жас жігіт жүргізу куәлігін алу үмітімен барлығы 6,6 млн теңге аударып, еш нәтижеге қол жеткізбеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Зайсанда тұратын 2005 жылы туған тұрғын полицияға арызданып, танысының жүргізу куәлігін рәсімдеймін деген сылтаумен 6 миллион теңгеден астам қаражатын иеленіп алғанын хабарлаған.

Жәбірленушінің айтуынша, биылғы ақпан айында ол Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген танысымен қайта байланысқан. Хат алмасу барысында танысы Алматыдағы арнайы ХҚКО-да жұмыс істейтінін және жүргізу куәлігін рәсімдеуге көмектесе алатынын айтқан.

Уәдеге сеніп, арызданушы алдымен құжат алу үшін келісілген соманы аударған. Кейін алаяқ әртүрлі сылтаулармен бірнеше рет қосымша ақша аударуды өтінген. Нәтижесінде жәбірленуші 6,6 миллион теңгеден астам ақша аударған, оның бір бөлігі белгісіз адамдардың шоттарына жіберілген. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.