Халықаралық қарттар күніне орай Қазақстандағы 274,2 мың зейнеткерге жалпы сомасы 3,8 млрд теңге болатын біржолғы төлем беріледі. Қаржылай көмек кімдерге тиесілі екенін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Төлем ең төменгі және одан төмен мөлшерде зейнетақы алатындарға — Астанада, Ұлытау облысында, Павлодар және Ақмола облыстарында беріледі. Сондай-ақ көмек Маңғыстау облысы мен Шымкенттегі 70 жастан асқан қазақстандықтарға, Қарағанды облысындағы 75 жастан асқан азаматтарға, сондай-ақ Түркістан облысында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын жалғызбасты қарттарға қарастырылған.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, жалпы 2026 жылы 120 мыңға жуық қарт қазақстандықты әлеуметтік қолдауға 6,6 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Бұл қаражат отын, көмір, дәрі-дәрмек сатып алуға, тұрмыстық және коммуналдық шығындарды өтеуге, емделуге, сауықтыруға және санаторий-курорттық емделуге жұмсалады.

Еске салайық, бүгінде Қазақстанда 2,6 млн-ға жуық азамат жасына байланысты зейнетақы төлемін алып отыр.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақтастық зейнетақының мөлшері 10%-ға артты. Сонымен қатар өмір сүру деңгейінің ең төменгі мөлшері өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы төлемінің мөлшері көтерілді. Биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері өмір сүру деңгейінің ең төменгі мөлшерінің 70%-ына жеткізілді, ал ең жоғарғысы 110%-дан 118%-ға дейін өсті.

Бұған дейін «Курсив» Астанадағы зейнеткерлер қарттар күніне шамамен 11 мың теңгеден алатынын жазған. Көмек Астанада тіркелген жасына байланысты зейнеткерлер мен ең төменгі зейнетақы алушыларға тағайындалады. «Азаматтарға арналған үкімет» тізімдеріне сәйкес, төлемдер 110 мыңнан астам адамды қамтиды.