Украина президенті Владимир Зеленский Абу-Дабидегі үшжақты келіссөздердің бірінші күнін қорытындылады. Онда Киев пен Мәскеу делегациялары әскери тұтқындарды айырбастау мен аумақ мәселесін талқылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Украина көшбасшысының айтуынша, алдыңғы күні Киев пен Мәскеу өкілдері әскери тұтқындарды «1000-ға 1000» немесе «1500-ге 1500» формуласымен айырбастауды қарастырған.
Екінші мәселе аумақтарға қатысты болды. «Екінші мәселе аумақтарға қатысты еді, оны ресейлік тарап көтерді. Бұл — көшбасшылар деңгейіндегі мәселе, біздің келіссөзшілерде осындай мандат бар», — деді Зеленский.
Ол сондай-ақ Еуропа елдері өкілдерінің қатысуының маңызы зор болғанын атап өтті. «Біз ЕО, АҚШ және Украинаның ұстанымы бірыңғай болғанын қалаймыз», — деп түсіндірді саясаткер.
Зеленский ресейлік тараптың ұрыс алаңындағы жағдай туралы бұрмаланған түсініктері бар деп мәлімдеді. «Путин басқа ақпаратпен өмір сүріп жатыр. Бұл — өзгертілген шындық. Әрине, ол американдықтармен бөліседі: «Маған бір, екі, үш ай керек, сонда біз Украинаның шығыс бөлігін толық басып аламыз, сіздерге толық басып алу суретін де көрсете аламын». Бірақ бұл — шындық емес. Бұл — нақты жағдай емес», — деді Украина басшысы.
Зеленскийдің күтуінше, екінші күні тараптар деэскалация қадамдары, энергетика, Қара теңіз және әскери тұтқындарды айырбастау туралы көбірек сөйлеседі. Сонымен қатар көшбасшылар деңгейіндегі үшжақты кездесу мәселесі де көтерілуі мүмкін.
Алдыңғы күні Абу-Дабиде Украина, Ресей және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздердің бірінші күні аяқталды. Келесі кезең ертең, 11 қарашаға жоспарланған.


