Украина президенті Владимир Зеленский сұхбатында АҚШ көшбасшысы Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен құшақтасып көрісуіне пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Телеканал 24» басылымы Зеленскийдің британдық ВВС телерадиокорпорациясына берген сұхбатының аудармасын жариялады. Әңгіме барысында Украина көшбасшысы журналист Сара Рейнсфордтың Трамп Путинмен құшақтасып, кейін оны әлеуметтік желілерде досым деп атағанынан кейін қандай сезімде болғаны туралы сұрағына жауап берді.

Зеленский мұндай әрекетті оғаш деп атады.

«Әрине, бұл — Америка Құрама Штаттары президентінің ісі, бірақ бұл оғаш… Ол — агрессор әрі қанішер. Ол дос бола алмайды, жай ғана бола алмайды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біреудің Гитлер туралы соғыс уақытында жақсы дос деп айтқанымен бірдей, мұндайға жол беруге болмайды», — деді Украина президенті.

Зеленский АҚШ президентінің мұндай мәлімдемелерін балаларынан айырылған украин отбасылары ауыр қабылдайтынын қосты.

Еске салайық, АҚШ көшбасшысы Дональд Трамп пен Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин АТЭС саммитінде екіжақты кездесу өткізген болатын. Сол кезде Ақ үй басшысы Ресей президентімен қарым-қатынасы тамаша екенін айтып, оны досым деп атаған.

Кейін Трамп Путинмен бірге түскен суретті «менің досым» деген жазумен жариялады.

Кремль Дональд Трамптың Владимир Путинді досым деп санайтыны туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.

Трамптың сөздеріне Украина басшысы да жауап қатты. Владимир Зеленский өз кезегінде Путинді жау деп атады.