Украина президенті Владимир Зеленский Таяу Шығыстағы жағдайдың әлемдік қауымдастықтың назарын Украинадан алшақтатқанын мойындады. Бұл туралы мемлекет басшысы CNN телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның пікірінше, Украинадағы жанжалды тоқтату жөніндегі күш-жігер Ирандағы қақтығыс аяқталғаннан кейін ғана жанданады деп санау – «үлкен тәуекел». АҚШ-пен техникалық келіссөздер жалғасып жатқанымен, Зеленский Иран мәселесі шешілмейінше кездесу мүмкін емес деп санайды.
Мәселе мынада, АҚШ-тың арнаулы өкілі Стив Уиткофф пен президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер бастаған американдық келіссөзшілер тобы Иранмен де, Украинамен де келіссөздер жүргізеді.
Президент АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жағдайға назар аударып отырғанын түсінетінін, алайда Украинаны ұмытпаудың маңызды екенін атап өтті, өйткені онда әскери іс-қимылдар жалғасуда.
«Украина туралы кейінірек сөйлесеміз деуге болмайды. Украина қазірдің өзінде соншалықты үлкен трагедияны бастан кешіруде, сондықтан біз бұл мәселемен қатар жүріп айналысудың жолын табуымыз керек», - деді ол.
Зеленский сондай-ақ Ирандағы қақтығысқа байланысты Украинаға кейбір маңызды қару-жарақтардың, әсіресе зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің жеткізілімі бұзылғанын хабарлады. АҚШ-тағы өндірістік қуаттың шектеулі болуына байланысты Киев оларды жеткіліксіз мөлшерде алуда.


