Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ Ресей көшбасшысын «Жиырмалық» саммитіне шақырса, Майамиге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында Украина көшбасшысы АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен кездескенін айтты. Олар соғыс басталғалы Киевке алғаш рет келді. Зеленскийдің айтуынша, олармен энергетика, астық мәселелері және шиеленісті төмендетудің алғашқы қадамдарын талқылаған.
«Бәлкім, біреуге "атысты тоқтату" деген сөз тіркесі ұнамайтын шығар. Маған оның кімге ұнайтыны немесе ұнамайтыны маңызды емес: біз өмірді сүйеміз, біз бейбітшілікті қалаймыз. Сондықтан да біз: жарайды, сізге "атысты тоқтату" деген сөз ұнамай ма? Онда "бітім", "тыныштық режимі" дейік — бәрібір. Бізді қандай да бір келіссөздерге жетелейтіннің бәрі жарайды. Сөйтіп, энергетика мен астық — бірінші қадам. Міне, біз осыған қол жеткізе аламыз», — деді Украина президенті.
Журналистердің 14–15 желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитіне АҚШ Ресей президенті Владимир Путинді шақырса не болатыны туралы сұрағына Зеленский Путинмен сөйлесу үшін сол жерге баратынын айтты.
«Мен барамын. Бізге кездесіп, сөйлесіп, шешім қабылдау керек. Сөзде емес — мен оған не айтамын немесе ол маған не айтады, оның маңызы жоқ. Тек нәтиже маңызды. Тек нәтиже ғана маңызды. Болды», — деді Украина көшбасшысы.


