Украина президенті Владимир Зеленский CNN-ге берген сұхбатында Киев Вашингтонға Ресеймен қақтығысты реттеу бойынша жаңа ұсыныстар тапсырғанын айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Украина көшбасшысының айтуынша, соңғы айларда АҚШ, Украина және Ресей арасындағы бейбіт келісім бойынша келіссөздер тұйыққа тірелгеніне қарамастан, Киев американдық тарапқа қақтығысты аяқтау бойынша жаңа бастамалар ұсынған. «Бізге бейбіт жоспарда американдық тараптың қатысуы көбірек қажет. Мен Трамп президентінің командасына оны жалғастырғысы келетініне алғыс айтамын. Путин қазір бұл соғысты тоқтатқысы келмейді, оған қазір жеткілікті қысым жасалмай отыр», — деді Зеленский.
Ұсыныстардың мазмұны туралы мәлімет ашылмайды. Сонымен қатар Зеленский Киевтің бақылауындағы Донбасс бөлігінен бас тарту мүмкіндігін жоққа шығарды және қауіпсіздік кепілдіктерін Украина үшін негізгі мәселелердің бірі деп атады.
Бұған дейін Зеленский Украина мен АҚШ Patriot әуе қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандарды ай сайын жеткізу туралы келісімге қол жеткізгенін хабарлаған болатын.


