Қазақстанда «Ақтөбе – Орал – Ресей Федерациясы шекарасы» халықаралық трассасында Жайық өзені арқылы жаңа көпір салу жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚР Көлік министрлігінің басшылығы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Жайық өзені арқылы жаңа автомобиль көпірін салу жобасының әзірлемесімен танысты. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда және халықаралық маңызы бар автомобиль жолында қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа көпір техникалық тексеру қорытындысы бойынша авариялық деп танылған қолданыстағы көпір құрылыстарының қасында салынатын болады. Жобаны іске асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және аймақтың жол желісіндегі ең жүктелген учаскелердің бірінде сенімді көлік байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба бойынша 8 шақырым автомобиль жолын, сондай-ақ екі заманауи монолитті көпір салу көзделген: арналық бөлігінің ұзындығы 513 метр және жайылмалық бөлігінің ұзындығы 1710 метр.
Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілді.
Заманауи инженерлік шешімдер мен технологияларды қолдану көлік инфрақұрылымының сенімділігін айтарлықтай арттыруға, учаскенің өткізу қабілетін ұлғайтуға және нысанның ұзақ мерзімді қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобамен танысу қорытындысы бойынша Көлік министрлігінің басшылығы мемлекеттік сараптамадан өтуді жеделдетуді, жақын арада құрылысты қаржыландыру көзін анықтауды, сондай-ақ жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде сапаны қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.


