Жамбыл облысында әке кәмелетке толмаған ұлының көзінше арақ ішкені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді орындамаған (ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі) ер адамға қатысты әкімшілік істі қарады.
Меркі ауданының тұрғыны үйінде кәмелетке толмаған ұлының көзінше алкогольдік ішімдіктер ішіп, оған теріс ықпал еткені анықталды. Осыған байланысты әкеге қатысты хаттама толтырылып, әкімшілік іс қозғалды.
Ер адамның кінәсі хаттамамен, тараптардың айғақтарымен және істің өзге де материалдарымен расталады. Ол кінәсін толық мойындады.
ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігінің санкциясы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл көздейді. Алайда, кінәсін мойындағанын, құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын, оң мінездемесін және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, сот айыппұл мөлшерін 30%-ға төмендетті.
Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 АЕК мөлшерінде, яғни 30 275 теңге айыппұл салынды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.


