Жамбыл облысында мас күйінде көлікке отырған ер адам BMW-мен ағашқа соғылып, 20 тәулікке қамалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сарысу аудандық соты азамат Ф.-ға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарады. Ол мас күйінде көлік жүргізіп, автокөліктің зақымдалуына себеп болған (ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі).
2026 жылдың шілдесінде Сарысу ауданының 29 жастағы тұрғыны мас күйінде BMW көлігіне отырған. Жаңатас қаласында келе жатып, жүргізуші рульге ие бола алмай, көлік ағашқа соғылған. Жол-көлік оқиғасында адамдар зардап шеккен жоқ, алайда көлікке механикалық зақым келген.
Кінәсі тараптардың айғақтарымен, хаттамамен және медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденген. Сотта құқықбұзушы кінәсін толық мойындап, өкінген.
ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігінің санкциясы 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды көздейді. Сот кінәні мойындауды жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот қаулысымен Ф. ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 тәулікке қамақ жазасы және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енді.


