Жамбыл облысында жүк пойызы рельс жолына шығып кеткен 70 қойды қағып кетті, мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға «Жұма-Тамды» аралығында болған. Көліктегі полиция департаментінің нақтылауынша, осы факті бойынша мал иесіне — Тараз қаласының 66 жастағы тұрғынына — темір жолдың қорғау алабында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Ведомство сондай-ақ статистика келтірді: ағымдағы жылдың басынан бері пойыздардың шұғыл тежелуінің 1 166 фактісі тіркелсе, оның 881-і үй жануарларының темір жолға шығуына байланысты.
«Көлік полицейлері үй жануарларының иелерін темір жол маңында малды бақылаусыз жаюға жол бермеуге және белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырады. Есіңізде болсын: жануарлардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ең алдымен олардың иелеріне жүктеледі. Малдың темір жолға бір рет бақылаусыз шығуы апатты жағдайға, материалдық шығынға әкеп соғып, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін», — деді ведомствода.


