Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жаңа ресми өкілі — Жанболат Өсенов. Дипломаттың елдің шетелдік мекемелерінде, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбританиядағы елшіліктерде, сондай-ақ бизнес құрылымдарда бай тәжірибесі бар, деп хабарлайды infohub.kz.

Жанболат Қалдыбайұлы Өсенов 1983 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2004 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) саясаттану факультетін бітірген.

Дипломатиялық мансабын Өсенов 2006 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде бастады. Алғашында Еуропа және Америка департаментінде атташе қызметін атқарды, бір жылдан кейін Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне жіберілді.

2007-2011 жылдар аралығында Өсенов Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде үшінші, екінші және бірінші хатшы қызметтерін сатылап атқарды.

Дипломатиялық жұмыстан кейін ол бизнес саласына ауысты. 2011-2012 жылдары Өсенов «Шеврон Мунайгаз Инк.» компаниясының инвестициялық жобалар үйлестірушісі болды.

Кейін ол СІМ-ге қайта оралды. 2012-2014 жылдары Өсенов ведомствоның ресми өкілі және Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Мансабының келесі кезеңі қайтадан «Шеврон Мунайгаз Инк.»-пен байланысты болды. 2014-2017 жылдары ол компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

Сонымен қатар, 2015-2017 жылдары Өсенов Еуразиялық халықаралық қатынастар кеңесін директор ретінде басқарды.

2017-2022 жылдары ол Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінде кеңесші-елші қызметін атқарды. Одан кейін, 2022-2023 жылдары 24 KZ телеарнасында «Мир» бағдарламасының жүргізушісі болды.

Жаңа тағайындауға дейін Өсенов «Верный Капитал» компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді.

Айта кетейік, Өсенов ағылшын және француз тілдерін меңгерген.