Жамбыл облысында ірі мал ұрлығы әшкереленді: шаруа қожалығының иесі 30 млн теңге тұратын 250 бас ұсақ малдан айырылды, ал үш күдікті арнайы жасақтың күш қолдауымен ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, Меркі ауданында шаруа қожалығының иесі малды санау кезінде 250 бас ұсақ малдың жоғалғанын байқап, полицияға жүгінген.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері ұрланған малдың бір бөлігін Тұрар Рысқұлов ауданының аумағынан тапты. Малды таныстыру рәсімінен кейін ол заңды иесіне қайтарылды.

Тергеу барысында ұрлыққа шаруа қожалығында жұмыс істеген малшының қатысы болуы мүмкін екені анықталды. «Полиция дерегінше, ол басқа адамдармен алдын ала сөз байласып, мал ұрлауға қатысқан. Сондай-ақ ұрланған малдың бір бөлігі кейін басқа адамдарға 800 мың теңгеге сатылғаны белгілі болды», — деді Жамбыл облысы полиция департаментінде.

Қылмыстық іс бойынша үш күдікті ұсталды. Соттың санкциясымен олар екі айға қамауға алынды.

Қазіргі таңда қылмыстық істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда.