Жамбыл облысында 62 жастағы ер адам бірнеше жыл бойы бұрынғы азаматтық жұбайының үйіне келіп, жанжал шығарып, күш қолданған. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін сот оны 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігінің облыс прокуратурасына сілтеме жасап хабарлауынша, ағымдағы жылдың басынан бері Жамбыл ауданында бір мекенжай бойынша отбасылық-тұрмыстық жанжалдар туралы төрт рет хабарлама түскен.
«62 жастағы ер адам бірнеше жыл бойы бұрынғы азаматтық жұбайының тұрғылықты жеріне бірнеше рет келіп, жанжал шығарғаны, отбасы мүшелеріне қорқыту жасағаны және мүгедектігі бар әйелге күш қолданғаны анықталды», — деді облыс прокуратурасында.
Бұған дейін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған болатын. Осыған қарамастан ол оның талаптарын қайта бұзды.
Прокуратураның жұмысы нәтижесінде бұзу фактісіне құқықтық баға берілді. Аудандық соттың 2026 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен ер адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


