Жамбыл облысында биология пәнінің мұғалімі екі қызметтен бірден босатылуымен келіспей, сотқа жүгінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл аудандық сотының мәліметінше, 2026 жылдың сәуірінде жұмыс берушінің бұйрығымен әйел оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары және биология пәнінің мұғалімі қызметтерінен босатылған. Жұмыстан шығаруға негіз болған – аттестаттарды рәсімдеу кезінде қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты қызметтік тексеру материалдары мен полиция органының ұсынысы.
Жұмыскер жұмыстан шығарылуымен келіспеген. Оның пікірінше, жіберілген бұзушылықтар туралы тұжырымдар жеткілікті дәлелдермен расталмаған. Ол сондай-ақ аттестаттарды рәсімдеу жөніндегі комиссияның төрайымы міндеті жүктелген бұйрықпен тиісті түрде таныстырылмағанын көрсеткен. Сонымен қатар, тексеру барысында анықталған мән-жайлар оның директордың орынбасары ретіндегі жұмысына қатысты болған, ал дәл биология пәнінің мұғалімі ретіндегі міндеттерін бұзу анықталмаған. Ол педагогикалық жұмысын жалғастырып, тәртіптік жазаларға тартылмаған, – деді сотта.
Істі қарау барысында тараптар судья-медиатордың қатысуымен келісімге келген. Келісім шарттарына сәйкес, мектеп 2026 жылдың тамызынан бастап жұмыскерді 8 сағаттық жүктемемен биология пәнінің мұғалімі қызметіне қабылдауға, ал 1 қыркүйектен бастап 16 сағаттық толық ставкамен қабылдауға міндеттенген. Сондай-ақ жұмыс беруші биология пәнінің мұғалімі қызметінен босату туралы бұйрықтың күшін жоюға және мәжбүрлі бос жүрген уақыт үшін жалақы төлеуге міндеттенген. Сот келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан.


