Жамбыл облысында полицейлер есірткінің заңсыз айналымына қарсы арнайы операция жүргізіп, нәтижесінде 600 келіге жуық есірткі заты тәркіленіп, үш күдікті ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ ақпараттық медиапорталының мәліметінше, Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің әріптестерімен, №5513 әскери бөлімінің «Беркут» арнайы мақсаттағы жасағының әскери қызметшілерімен және Жамбыл облысы ПД кинологиялық орталығының инспектор-кинологымен бірлесіп, облыс прокуратурасының үйлестіруімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.

Есірткіні іздеуге Летта есімді қызметтік-іздестіру иті жұмылдырылды.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде Қонаев ауылынан шамамен 10 шақырым жердегі құмды аймақта полицейлер үш ер адамды ұстады. Олар алдын ала деректер бойынша, ерекше ірі мөлшерде есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз жинаумен айналысқан. Аумақты тексеру кезінде полицейлер 595 келі 440 грамм есірткі заттары мен есірткі құрамдас өсімдіктерді тәркіледі. Сонымен қатар, өсімдіктерді жинауға пайдаланылуы мүмкін үш орақ алынды.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.