Батыс Еуропа — Батыс Қытай трассасында Жамбыл облысының полиция қызметкерлері жолда бұзылып қалған Өзбекстаннан келген жас футболшыларға көмекке келді. Оқиға Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының маңындағы 568-шақырымда болған, деп хабарлайды infohub.kz.

Көлікте Өзбекстанның 42 азаматы — 37 бала және бес ересек жетекші болған. Команда Қырғызстандағы халықаралық футбол турниріне қатысып, үйіне қайтып келе жатқанда бұзылған.

Оқиға туралы хабарлама бойынша келген полицейлер дереу эвакуацияны ұйымдастырды. Балаларды күннің ыстығынан қорғау үшін оларды жетекшілерімен бірге Нұрлыкент ауылындағы Мәдениет үйіне жеткізді. «Қонақтарға ыстық тамақ ұйымдастырылып, ауыз су беріліп, демалуға барлық жағдай жасалды», — деп хабарлады Polisia.kz.

Қосалқы автобус келгеннен кейін жас спортшылар отандарына қарай жолын жалғастырды. Полициядағылардың айтуынша, қызметкерлердің жылдам әрі үйлесімді әрекетінің арқасында жағдай еш зардапсыз шешілген. Оқиға салдарынан ешбір бала зардап шеккен жоқ.