Жамбыл облысында әлеуметтік желілерде жасөспірімдер қатысқан әдепсіз бейнежазба тарағаннан кейін тергеу басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігінің облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлауынша, әлеуметтік желілерге тараған бейнежазба фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Жасөспірімдердің жеке басы анықталды. Оларды ата-аналарымен бірге полицияға жеткізіп, олардың қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылды, ал ата-аналары бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынымдар енгізілді.

Тергеу жалғасуда. Ведомствода айтқандай, болған оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріледі.

Бейнежазбаның әлеуметтік желілерде таралуы фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды.

«Полиция порнографиялық материалдар мен өзге де құқыққа қайшы контентті таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады», — деп ескертті полиция департаментінде.