Жамбыл облысында сомасы 50 млн теңгеден асатын қарыз дауы сотқа жетті, алайда тараптар жанжалды бейбіт жолмен реттеуді жөн көрді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Сарысу аудандық сотында акционерлік қоғамның ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен жеке тұлғаларға қарсы кредиттік шарттар бойынша қарызды өндіріп алу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

2024 жылдың сәуір және шілде айларында тараптар екі трактор мен тіркеме техникасын сатып алу үшін жалпы сомасы 52,9 млн теңгеге екі кредиттік шарт жасасқан. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепіл және кепілдік шарттары жасалды. Алайда қарыз алушы кредитті өтеу және сыйақы төлеу мерзімдерін бұзып, нәтижесінде қарыз қалыптасты.

Талапкер сотқа жауапкерлерден 48,8 млн теңге негізгі қарызды, 1,5 млн теңге сыйақыны және 148 мың теңге өсімақыны ортақ өндіріп алуды талап етіп жүгінді. Қойылған талаптардың жалпы сомасы 50,4 млн теңгеден асты.

Соттың татуластыру рәсімдерін қолдануы нәтижесінде тараптар дауды бейбіт жолмен реттеуге ниет білдіріп, келісім жасасты. Жауапкерлер жалпы сомасы 6,8 млн теңге төлем жасап үлгерді. Қалған қарызды тараптар кредит шарттары мен төлем кестесіне сәйкес өтеуге келісті. Сонымен қатар жауапкерлер төлемдерді уақтылы енгізуге, ал мерзім бұзылған жағдайда өсімақы төлеуге және есептелген сыйақымен қоса кредитті мерзімінен бұрын қайтаруға міндеттеме алды.

Сот ұйғарымымен келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Ұйғарым заңды күшіне енді.