Жамбыл облысында жол-көлік оқиғасынан кейін материалдық залалды өндіріп алу туралы дау тараптардың татуласуымен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz.

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Талас аудандық соты жол-көлік оқиғасында зақымданған автомобильдің материалдық залалын және тауарлық құнының жоғалуын өндіріп алу туралы азаматтық іс бойынша тараптарды татуластырды.

Бастапқыда талапкер Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына жүгінген, алайда кейін тараптар экстерриториалды соттылықты қолдану туралы өтініш білдірген. Сот ұйғарымымен іс Жамбыл облысының Талас аудандық сотына қарауға жіберілді.

2026 жылғы ақпанда Астанада Toyota Yaris және Volkswagen Tiguan көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болған. Жауапкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сақтандыру компаниясы талапкерге 2,6 млн теңге төлеген. Алайда, есеп бойынша, автомобильді жөндеу құны 3,2 млн теңгеден асқан. Сонымен қатар, автомобиль тауарлық құнын жоғалтқан. Талапкер жауапкерден сақтандыру төлемі мен нақты залал арасындағы айырмашылықты 1,6 млн теңге көлемінде өндіріп алуды сұраған.

Сот талқылауы барысында тараптар медиация тәртібімен өзара келісімге келген. Келісім шарттары бойынша жауапкер сот ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін талапкерге 1,3 млн теңге төлеуге міндеттенген. Талапкер талап қоюдан бас тартқан. Аталған сома төленбеген жағдайда талапкер 1,6 млн теңгені өндіріп алуға атқару парағын алуға құқылы.

Сот келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан. Талапкерге мемлекеттік баж қайтарылған. Ұйғарым заңды күшіне енген.