Жамбыл облысында ер адам қайтыс болған анасының ұлтын сот арқылы қалпына келтірді. Сот «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын тиісті өзгерістер енгізуге міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот азаматтың «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына анасының ұлты бөлігінде туу туралы акт жазбасына өзгерістер енгізу туралы талап арызы бойынша істі қарады.
Талапкер туылған кезде акт жазбасында оның анасының ұлты «орыс» деп көрсетілген. Алайда сот зерттеген құжаттар талапкердің анасының ата-анасы ұлты бойынша чехословак пен неміс болғанын растады. Демек, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің талаптарына сәйкес, анасының туған кездегі ұлты «чех» немесе «неміс» деп көрсетілуі тиіс еді.
Бұған дейін мемлекеттік корпорация тиісті өзгерістер енгізуден бас тартқан болатын. Анасы қайтыс болғаннан кейін оның жеке деректеріне өзгерістер енгізу заңнамада көзделмеген, бұл талапкердің өз ұлты туралы мәліметтерді өзгерту мүмкіндігінен іс жүзінде айырған.
Бұзылған құқықты қорғаудың өзге тәсілінің болмауын, сондай-ақ әділдік пен парасаттылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сот талап арызды қанағаттандырды.
Сот шешімімен жауапкерге талапкердің туу туралы акт жазбасына түзетулер енгізу, анасының ұлтын «орыс» дегеннен «чех» деп өзгерту міндеті жүктелді.
Сондай-ақ сот шешім бір ай мерзімде орындалмаған жағдайда жауапкерден 50 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға әкеп соғатынын көрсетті.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.


