Жамбыл облысында құқық қорғау органдары заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікті төрт адамды анықтап, ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігінің облыстық прокуратураға сілтеме жасап хабарлауынша, заңсыз көші-қон фактілерінің жолын кесу үшін Қордай ауданының прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қызметкерлерін тартып, ведомствоаралық тергеу-жедел тобын құрды.
Келісілген тергеу-жедел шараларының нәтижесінде Алматы аумағында ағымдағы жылдың мамыр–шілде айларында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын белгіленген өткізу пункттерінен тыс жерден заңсыз кесіп өткен Қырғызстан мен Өзбекстанның 10 азаматы анықталды.
Заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен 4 адам әшкереленіп, ұсталды. Олардың 3-еуі — Қазақстан, 1-еуі — Қырғызстан азаматы.
«Сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша, Қырғыз Республикасының азаматы шетелдіктерді мемлекеттік шекараға дейін алып барған, одан кейін Қазақстан аумағында оларды Алматыға дейін тасымалдауды қамтамасыз еткен сыбайластары қарсы алған», — деді Жамбыл облысының прокуратурасында.
Барлық күдіктіге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.


