Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан — Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс арқылы жүгеріні терең өңдейтін зауыттың ашылу рәсіміне қатысып, Жамбыл облысында өнеркәсіптік парк құрылысының бастауын берді. Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашүкеев те қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Бүгін біз аймақ экономикасы үшін маңызды оқиғаға куә болып отырмыз. Қысқа мерзімде мұнда заманауи өндіріс құрылып, ол агроөнеркәсіп кешеніне, қайта өңдеу саласына және біздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл жоба ірі инвестициялардың аймаққа келіп жатқанын, жаңа өндірістер, жұмыс орындары мен экономикалық өсу нүктелері құрылып жатқанын айқын көрсетеді», — деді Ербол Қарашүкеев.

Іске қосылған кәсіпорын Орталық Азиядағы аминқышқылдарын шығаратын алғашқы зауыт болды. Жобаның үш кезеңінің барлығын жүзеге асыруға шамамен 1,5 млрд доллар инвестиция тарту жоспарлануда. 1 500-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Бірінші кезеңде кәсіпорын жылына 500 мың тонна жүгері өңдейді. Толық жобалық қуатқа шыққан соң өңдеу көлемін жыл сайын 3 млн тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Зауыт аминқышқылдарын шығаруға маманданған. Негізгі өнімдердің қатарында — изолейцин, лейцин, валин, треонин және глутамин. Олардың кейбіреуі адам ағзасы үшін аса маңызды. Кәсіпорын өнімі тағам және фармацевтика өнеркәсібінде, биотехнология саласында, сондай-ақ арнайы тағам мен жем қоспаларын өндіруде сұранысқа ие. Дайын өнімнің 80%-ы экспортқа жіберіліп, 20%-ы ішкі нарықта сатылады деп күтілуде.

«Shengtai Biotech — Fufeng компаниясының Қытайдан тыс жерде салған алғашқы өндірістік кешені. Кәсіпорын жұмысы үшін шикізаттың айтарлықтай көлемі қажет. Бірінші кезеңде шамамен 500 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа әрі тұрақты өткізу нарығын құрады. Сондықтан біз аймақ аграрийлерімен ынтымақтастыққа мүдделіміз және оларды жүгері егіс алқаптарын ұлғайтып, өнімді зауытқа өткізуге шақырамыз», — деді «SHENGTAI BIOTECH CO., LTD» ЖШС басшысы Ван Яньдун.

Аймақ басшысының айтуынша, кәсіпорынның іске қосылуы облыс аграрийлері үшін де ерекше маңызға ие. «Біз үшін өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, аймақ ішінде толыққанды өңдеу тізбегін қалыптастыру да маңызды. Зауыт жүгеріге тұрақты сұраныс құрып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұрақты өткізу нарығымен қамтамасыз етеді және қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы дамытуға және облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс», — деп атап өтті Ербол Қарашүкеев.

Жамбыл облысы инвестиция тарту және жаңа өндірістер құру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде аймақтың инвестициялық портфелі жалпы құны 5,6 трлн теңге болатын 116 жобаны қамтиды. Оларды жүзеге асыру 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. 2026 жылдың сегіз айында облыс экономикасына 621,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,7%-ға артқан. Биыл жалпы құны 471 млрд теңге болатын 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.