АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында Atlantic Asphalt жүк кемесі American Heritage круиздік лайнеріне соқтығысты. Лайнер бортында 129 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Соқтығыстан кейін лайнер бір бүйіріне қисайып, Миссисипи өзенінде ішінара суға батты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа Орлеан портының дерегінше, оқиға кезінде лайнер бортында 129 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Төтенше жағдай салдарынан 32 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Хабарсыз кеткендер жоқ.
«Бізде бірде-бір хабарсыз кеткен адам жоқ, бұл Миссисипи үшін шын мәнінде керемет жағдай», — деді Жаңа Орлеан мэрі Хелена Морено баспасөз конференциясында. Ол «көмекке бірден ұмтылған» құтқарушыларға алғыс айтты.
Оның айтуынша, жолаушылар лайнер қисая бастағанда түсе бастаған, кейін кеме бір бүйіріне аударылған.
Соқтығыстың нақты себебі тергелуде. АҚШ Жағалау күзетінің капитаны Мелани Бернхэм «басқарудан айырылу орын алған болуы мүмкін» деп мәлімдеді.
American Heritage кемесі Луизиана мен Миссисипи арқылы өтетін Миссисипи өзеніндегі сегіз күндік круизді аяқтап келе жатқаны атап өтілді. 150 қонаққа дейін сыйдыратын лайнерде мейрамхана, фитнес-орталық және қонақтарға арналған үш демалыс аймағы бар.
АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде құтқару операциясын «керемет жұмыс» деп бағалады. Ол апат салдарын жоюға қатысқан жағалау күзетіне, құқық қорғау органдары мен құтқарушыларға, сондай-ақ Луизиана губернаторы Джефф Лэндриге алғыс айтты.
«Сену қиын, бірақ осы ауыр соқтығыс салдарынан ешкім қаза тапқан жоқ. 32 адам ауруханада жатыр», — деп жазды Америка көшбасшысы.


