Маңғыстау облысында Жаңаөзеннің 34 жастағы тұрғыны TikTok-та тікелей эфирде балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Оқиға 2026 жылдың 3 тамызында болған. Ер адам әлеуметтік желідегі өз парақшасында тікелей эфирде балағат сөздерді қолданып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Келесі күні, 4 тамызда, полиция қызметкерлері құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 2-бөлігіне (ұсақ бұзақылық) сәйкес әкімшілік хаттама жасаған.

6 тамызда Жаңаөзен қалалық сотының қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сот шешімі шыққаннан кейін ол арнайы қабылдағышқа жеткізілді.

Маңғыстау облысы полиция департаментінде әлеуметтік желілер заңнан тыс кеңістік емес екенін еске салды. «Балағат сөздерді көпшілік алдында қолдану, қорлайтын мінез-құлық және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Азаматтарды нақты өмірде де, интернет-кеңістікте де қоғамдық мінез-құлық нормаларын сақтауға шақырамыз», — деді ведомствода.