Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы жаңартылған «Жібек жолы» кеден бекеті тамызда ашылады, деп хабарлайды infohub.kz.
Нысанды реконструкциялау былтырғы мамырда басталды. Қазіргі уақытта инженерлік желілердің құрылысы толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңғыртудан кейін кешеннің ауданы екі есеге ұлғайды. Бұрын өткізу пункті тәулігіне 30 мың жолаушыға қызмет көрсете алса, енді бұл көрсеткіш 70 мыңға дейін жетеді.
Реконструкция құны 11 миллиард теңгеден асты.
Жаңартылған кешен іске қосылғаннан кейін Қазақстан-Өзбекстан шекарасын кесіп өту уақыты қысқарады деп күтілуде. Сонымен бірге, бұл өткізу пункті тек жолаушылар бағытында ғана жұмыс істейді.
«Жібек жолы» кеден бекетінің басшысы Асқар Айнамқұловтың айтуынша, «екі бөлек ғимарат салынды, соның арқасында көлік ағындары тоғыспайды. Барлық процестер барынша оңтайландырылады, ал нысанның өзі заманауи талаптар мен халықаралық стандарттарға сай болады. Іске қосылғаннан кейін өткізу пункті күніне 2 мың жеңіл автомобиль мен 200 автобусқа қызмет көрсете алады».


