Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) екінші орта салмақтағы рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған дейін Әлімханұлы бұл рейтингте екінші орында тұрған еді. Сонымен қатар, WBO жақында қазақстандықты ұйымның қазіргі чемпионы британдық Хамза Ширазға тиесілі титулға міндетті үміткер етіп тағайындады. Рейтинг жаңарғанға дейін мексикалық Сауль «Канело» Альварес көш бастап тұрған, алайда ол WBO тізімінен шығарылды.
Альварестің келесі жекпе-жегі 12 қыркүйекте Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) жеңілісі жоқ француз Кристиан Мбиллиге қарсы өтеді. Бұл жекпе-жекте Мбиллиге тиесілі WBC екінші орта салмақтағы белбеуі тігілетін болады.
Еске салайық, бұған дейін Әлімханұлы орта салмақта өнер көрсетіп, WBO және IBF чемпиондық белбеулеріне ие болған. 2025 жылдың соңында оның WBA чемпионы Эрисланди Ларамен біріктіру жекпе-жегі қазақстандықтың допинг-сынамасы оң нәтиже бергендіктен өтпей қалды. Кейін Әлімханұлы IBF титулынан айырылды, ал WBO оны бір жылға дисквалификациялап, чемпиондық белбеуін сақтап қалды. Кейінірек ұйым дисквалификацияны алып тастады. Шілдеде Әлімханұлы орта салмақтағы WBO белбеуінен өз еркімен бас тартып, екінші орта дивизионға ауысатынын мәлімдеді.


