2015 жылы атылған ресейлік саясаткер Борис Немцовтың қызы Жанна Немцова Ресейдің шетел агенттері тізіміне енгізілді. Бұл туралы Ресей Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Ведомствоның мәліметінше, шетел агенттері тізіміне қоғам қайраткері Жанна Немцовадан бөлек адвокат Рустам Хуажев, «Команда Навального» ақпараттық ресурсы және «Реанимация» ақпараттық ресурсы қосылған.
Ресей Әділет министрлігінің тұжырымы бойынша, Немцова «Ресей Федерациясының мемлекеттік билік органдары қабылдаған шешімдер мен жүргізіп отырған саясаты туралы жалған ақпарат таратқан», сондай-ақ Украинадағы соғысқа қарсы шыққан.
«Шетел агенттерінің хабарламалары мен материалдарын шектеусіз адамдар тобына жасауға және таратуға қатысқан. Қызметі Ресей Федерациясының аумағында қалаусыз деп танылған шетелдік және халықаралық ұйымдардың тізіміне енгізілген ұйымның негізін қалаушысы. Шетел агенттерімен өзара әрекеттеседі, Ресей Федерациясының шегінен тыс жерде тұрады», — делінген ведомство хабарламасында.
«Борис Немцов атындағы Бостандық қоры» сайтының дерегінше, Жанна Немцова қордың тең құрылтайшысы және Карл университетінің философия факультетіндегі Борис Немцов атындағы Ресейді зерттеу академиялық орталығының тең директоры. Ол білім беру және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда көпжылдық тәжірибеге ие.
2015–2020 жылдары Немцова әлемдік саясатты жариялап, немістің Deutsche Welle қоғамдық телеарнасында орыс тіліндегі «Немцова. Интервью» бағдарламасын жүргізген. Бұрын ресейлік жекеменшік РБК іскерлік телекомпаниясында экономикалық шолушы болып, қаржы нарықтарын жариялап, жетекші саясаткерлер мен экономистерден сұхбат алған.
Ол сондай-ақ Crooked Media-дағы ағылшын тіліндегі Another Russia нарративті подкастының тең жүргізушісі және 2022 жылдың қаңтарында Ресейде жарық көрген «Әкесінің қызы» атты орыс тіліндегі бестселлердің авторы.


