Қырғызстанда контрабандаға жәрдемдесті деген күдікпен кеден және шекара қызметінің 15-ке жуық қызметкері ұсталды. Бұл туралы президент Садыр Жапаров Баткен облысының Лейлек ауданы тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысының айтуынша, ол Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) жасырын камера жазбаларымен танысқан. Онда қызметкерлердің шекарадан тауар өткізгені үшін жүргізушілерден үнемі пара алғаны түсірілген. Жапаров бұл жағдайды «конвейерге» теңеді: көлік келеді, кеденші ақшаны алып қалтасына салады, кейін дәл солай шекарашы жасайды.

Кездесуде ҰҚМК өкілі ұсталғандардың қамауда екенін растады.

Президент 2020 жылдан бері кеден және шекара қызметтерінен контрабанданы тоқтатуды талап етіп келе жатқанын еске салды. Оның сөзінше, әкелінетін барлық тауар ресімделуі тиіс, ал заңда көзделген төлемдер бюджетке түсуі керек.

«Әр ауылда контрабандамен айналысса, экономиканы қалай көтереміз, сіздер қойып отырған мәселелерді шешуге қаражатты қайдан аламыз?» — деп атап өтті ол.

Бұған дейін Қырғыз Республикасының ҰҚМК «Ак-Тилек – автожол» бақылау-өткізу пунктінде (Қазақстан жағынан — «Қарасу» өткізу пункті) әрекет еткен тұрақты жемқорлық тобының қызметін тоқтатқан. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары шенеуніктердің коммерциялық жүктерді мемлекеттік шекарадан заңсыз әрі кедергісіз өткізу схемасын ұйымдастырғанын анықтады.

Арнайы қызметтің дерегінше, шекара қызметінің және Мемлекеттік кірістер қызметінің ЕАЭО басқармасының қызметкерлері ақшалай сыйақы үшін Қазақстаннан Қырғызстанға коммерциялық тауар тиелген ауыр жүк көліктерін өткізіп отырған.

Сонымен қатар ресми құжаттар мен есептерде жүк тиелген фуралар мүлдем бос көлік ретінде көрсетілген.

Қылмыстық істі тергеу аясында ҰҚМК қызметкерлері схемаға қатысқан төрт адамды ұстады: Шекара қызметінің әскери қызметшісін, солтүстік өңір бойынша ЕАЭО жөніндегі МКҚ басқармасының қызметкерлері Д..М.Т. мен О.К.И.-ді және ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Н.М.С.-ны.

Бұған дейін «Курсив» 2026 жылдың басынан бері Қазақстанға жалған немесе бөтен паспортпен 200 рет кіруге әрекет жасалғанын жазған. Барлық бұзушылықты Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің шекарашылары тоқтатқан.