Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жақында берген сұхбатында ҰҚК бұрынғы басшысы Камчыбек Ташиевті мемлекет басшысы лауазымына өзінің ізбасары ретінде қолдау мүмкіндігін қарастырғанын мойындады, деп хабарлайды infohub.kz.
Журналист Али Токтакуновпен әңгімесінде Жапаров 2027 жылғы президенттік сайлауға қатыспай, демалысқа шығып, жолды Ташиевке босатуды жоспарлағанын айтты. Алайда кейін ол ықтимал ізбасарының дайындығына көңілі толмай, шешімін өзгерткен.
«Мен 2027 жылы алты жылдық президенттік мерзімім аяқталғаннан кейін, егер Камчы дайын болса, 2027 жылғы қайта сайлауға түспеймін деп ойладым. Камчы президент болар еді, ал мен демалысқа кетер едім. Менде осындай жоспар болды. Осыдан бір жыл бұрын оған өзім айтқанмын», — деді Жапаров.
Ол сондай-ақ кету ниетінің себебін түсіндірді: «Мен төрт жыл шетелде өмір сүрдім, төрт жыл түрмеде отырдым, ал соңғы алты жылды конвой астында өткізгендей болдым. Шашым ағарды, немерелерім пайда болды, отбасыммен болғым келді. Оған: "Сен дайын бол, айналаңды тазала, өз адамдарыңды тәрбиеле" деп айттым».
Алайда, президенттің айтуынша, Ташиев үмітті ақтамаған. «Кейін қарасам — ол дайын емес. Оның қызметкерлері тиістідей әрекет етпейді, оның айналасындағылар көкке ұшты. 75 ақсақалдың хаты пайда болғанда, парламентті генералдың жақтастары мен қарсыластарына бөле бастағанда, мен оны шақырып: "Бұлай болмайды. Адамдарды бөлуге болмайды. Халықты солтүстік пен оңтүстікке бөлетіндерді қатаң жазалаймын, өйткені халық енді ғана біріге бастады. Сондықтан ренжіме, мен сені қызметтен босатамын. Егер сайлауға түссең, мен саған барлық жағдайды жасаймын" дедім», — деп түйіндеді Жапаров.


