Жапонияның Хоккайдо префектурасында аналық аю қонжығын қорғау мақсатында тоқтап тұрған көлікті бірнеше рет соққылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға түнде Бифука елді мекенінің маңында болды. Жеңіл көлік тізгіндеген 30 жастағы әйел жолда екі аюды — ересек аналық аю мен оның қонжығын — байқап, көлігін бірден тоқтатты. Алайда аналық аю көлікті қауіп ретінде қабылдады.

Бейнежазбада ірі жануардың көлікке тап беріп, капотының алдыңғы бөлігіне бірнеше рет күшпен соғылғаны көрінеді.

Шабуыл салдарынан көлікке айтарлықтай зақым келді: капотта терең майысқан іздер, тырнақтардан қалған сызаттар, тіпті тесік пайда болды. Салонда отырған әйел зардап шекпеді. Бірнеше соққыдан кейін жабайы жануар қонжығымен бірге орманға қашып кетті.

Хоккайдо полициясы жергілікті тұрғындар мен жүргізушілерді қауіптен сақтандыру үшін бейнежазбаны жариялады. Күзде жабайы аюлар қысқы ұйқыға жатар алдында азық іздеп, әсіресе белсенді болады. Билік таулы аймақтағы патрульдеуді күшейтуге мәжбүр болды, ал автокөлік жүргізушілеріне қараңғы уақытта жол жүргенде ерекше сақ болу ұсынылады.