Жапонияның шығысында болған «теңдесі жоқ» нөсер салдарынан кемінде төрт адам қаза тауып, Токиодағы Нарита әуежайында 7 мыңға жуық адам қамалып қалды. Тағы мыңдаған адам мемлекеттік ғимараттарға паналауға мәжбүр болды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Бейсенбі күні түнде Токионың шығысындағы Чиба префектурасында нөсер жаңбыр жауып, көшкін қаупі мен электр жарығының сөнуіне себеп болды. Чиба және басқа аймақтарда 400 мыңнан астам адамға эвакуация туралы бұйрық берілді, шамамен 45 мың үй жарықсыз қалды. Сағатына 115 миллиметр жаңбыр жауды — бұл тамыз айындағы орташа айлық мөлшермен бірдей.

Жапония метеорологиялық агенттігі осы префектура үшін нөсер мен көшкін қаупіне байланысты ең жоғары 5-деңгейлі ескертуді алғаш рет жариялады.

Ичикава қаласында су басқан жолда 60-70 жас шамасындағы ер адамның денесі табылды, ал Сакура қаласында көлігі су астында қалған 66 жастағы әйел қаза тапты. Тағы екі адам су тасқыны кезінде көліктерінен шыға алмай қаза тапқаны хабарланды. Құтқару жұмыстарына әскерилер жұмылдырылды.

«Бұл өте ерекше жағдай», — деді Чиба губернаторы Тосихито Кумагаи жұма күні таңертең журналистерге. «Мен бұрын көптеген апаттарға тап болдым, бірақ мұндай жағдайды ешқашан көрмеппін».

Токионың негізгі халықаралық әуежайларының бірі Наритада шамамен 7 мың жолаушы түнді өткізді, ал 1700 адам Чиба префектурасының ғимаратынан пана тапты.

Қоғамдық телеарна NHK-дің кадрларында Чибаның орталық ауданындағы кәріз люгінен су атқылап, жақын маңдағы бес қабатты ғимараттан биікке көтерілгені көрінді.

Жұма күні жаңбыр басылды, бірақ билік аймақта су тасқыны қаупі туралы ескертуде.

«Су тасқыны қаупі жоғары өзендерде өміріңізді қорғау үшін барлық шараны қолданыңыз», — деді жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігінің өкілі Кадзухито Шимамото. «Сондай-ақ су тасқыны қаупі одан әрі артуы мүмкін өзендер бар, сондықтан жергілікті әкімдіктердің эвакуация туралы ескертулерін тексеріп, алдын ала эвакуацияланыңыз».

Жапонияның метеорологтары климаттың өзгеруі экстремалды ауа райы оқиғаларының жиілігі мен қарқындылығын арттырып жатқанын айтады.