Жапондық PorMedTec стартапы елде алғаш рет адамдарға шошқа бүйрегін ауыстырып салу бойынша клиникалық сынақтарды 2028 жылы бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ғалымдар органдардың қабылданбау қаупін азайту үшін ДНҚ-да 69 өзгерісі бар генетикалық өзгертілген шошқаларды өсіріп жатыр. Алғашқы сынақтарды 2028 жылы бастау жоспарланса, 2033 жылға қарай мұндай ауыстырып салулар Жапонияда стандартты емдеу әдісіне айналады деп күтілуде.
«Біз мұны ауыр бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастар үшін адамнан адамға орган трансплантациясы және диализбен қатар емдеу нұсқасы ретінде ілгерілеткіміз келеді», — деді стартап президенті Гендзиро Мива.
Оның айтуынша, 2027 қаржы жылының соңына қарай ауруханаларға жақын жерде шошқа бүйректерін алу орталықтары құрылады. Стартап 2030 жылы адамға шошқа бүйрегін трансплантациялауға шартты рұқсат алуды және 2033 жылға қарай бұл процедураны стандартты емдеу әдісіне айналдыруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін қытайлық дәрігерлер әлемде алғаш рет адамға генетикалық модификацияланған шошқаның үш мүшесін – бауыр мен екі бүйректі бірден ауыстырып салды. Ауыстырып салынғаннан кейін барлық үш мүше бірден жұмыс істей бастады: бауыр бір тәуліктен аз уақытта өт бөле бастаса, бүйректер дереу өз қызметін атқара бастады.
2022 жылы АҚШ-та науқасқа алғаш рет генетикалық модификацияланған шошқаның жүрегі ауыстырылып салынды. Ер адам операциядан кейін екі ай өмір сүрді. 2024 жылы американдық хирургтер тірі адамға алғаш рет шошқа бүйрегін ауыстырып салды.


