Жетісу облысы Панфилов ауданының Жаркент қаласында төбелес болып, ол атысқа ұласты: жанжалға қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданды, салдарынан 33 жастағы ер адам оқ тиіп, ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NUR.KZ тілшісіне Жетісу облысы полиция департаментінде айтқандай, оқиға Жаркентте болған. Осы дерек бойынша полиция бұзақылық және кісі өлтіруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Алдын ала анықталғандай, бұрын таныс ер адамдар арасында жанжал шығып, оның барысында қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданды. Салдарынан оқ тиген 33 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды», — деді Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Тергеу барысында атыс қаруы тәркіленді. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ведомство сондай-ақ жарияланымдарда тараған қарудың тиесілігі туралы ақпаратты жоққа шығарды. «Қолданылған атыс қаруы мемлекеттік органдарға қатысы бар адамға тиесілі деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — деп қосты полицияда.
Полиция көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жазаланатын әрекет екенін, ол үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.
Тергеу Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.


